ҚР Қарулы күштерінің Әскери-патриоттық орталығында елдегі және әлемдегі технологиялық, ақпараттық әрі геосаяси өзгерістерге байланысты әзірленген бастапқы әскери даярлық оқулығының жаңартылған жобасы таныстырылды. Жобаның негізгі бағыттарын талқылауға «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы», БӘД оқулықтарының авторлар ұжымы, Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдардың ардагерлері, бастапқы әскери даярлық оқытушылары, білім беру қоғамдастығының өкілдері, сарапшылар мен жоғары сынып оқушылары қатысты. Жиынға қатысушыларға «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ президенті генерал-майор Асхат Рыспаев құттықтау сөз сөйледі. Жалпы білім беретін мектептердің 10, 11-сынып оқушылары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттеріне арналған БӘД оқулықтарын дайындау бойынша ауқымды жұмысты дәл осы мекеме ұйымдастырған болатын. Оқу құралдарының бөлімдерін әзірлеуге жауынгерлік дайындық, IT-технологиялар, ұшқышсыз авиациялық жүйелер саласының сарапшылары, әскери тарихшылар, психологтар, дәрігерлер, топографтар және басқа да мамандар тартылды. Атқарылған жұмыстар мен жобаның тұжырымдамасы туралы «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Төлембаева баяндады. Оның айтуынша, жаңартылған БӘД жүйесінің негізін жаңа буын оқулықтары құрайды. Олардың басты ерекшелігі – оқытудың озық әдістемелері мен қалыптан тыс тәсілдеріне негізделген тәжірибелік бағытында болып отыр. Бұл оқулықтар мектеп оқушыларына жағдайды дұрыс бағалауға, дағдарысты сәттердегі іс-қимыл алгоритмдерін білуге мүмкіндік береді. Және де салмақты шешімдер қабылдауды, әрі зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуді үйретеді. Айгүл Төлембаева, сондай-ақ, оқу құралының жобасы «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі аспектілерін толық ашатынын атап өтті. – Бастапқы әскери даярлықтың жаңа жүйесі заман талабына сай болып, жастардың бойында әскери қызметте де, күнделікті өмірде де, төтенше жағдайлар кезінде де қажетті қасиеттерді қалыптастыруы тиіс. Оқулықтардың мазмұны сыни ойлауды, көшбасшылық қасиеттерді, психологиялық төзімділікті, ұжымда жұмыс істеу дағдыларын және қауіпсіз мінез-құлықты дамытуға бағытталған, – деп атап өтті. Кездесуге қатысушылар пилоттық режимде шығарылған бастапқы әскери даярлық оқулықтарының жобаларымен танысуға мүмкіндік алды. Олар оқулықтардың сапасын, құрылымының ерекшелігін, ақпараттың қызықты берілуін, тапсырмалардың әртүрлілігі мен көркемдік безендірілуін жоғары бағалады. Пікірсайыс барысында ғалымдар, күштік ведомстволардың ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың басшылары мен БӘД оқытушылары бастапқы әскери даярлық жүйесін жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Кездесуді ұйымдастырушылар атап өткендей, пікір алмасу кезінде айтылған барлық ұсыныстар материалдарды пысықтау барысында ескерілетін болады. Ал жаңа редакциядағы оқулықтарды білім беру ұйымдарында сынақтан өткізу осы жылға жоспарланып отыр.