Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін дамытудың жаңа міндеттері мен басымдықтары
27 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Айдос Мырзахметов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Сол күні Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізіп, жаңа министрді Министрлік басшылығына таныстырды. Кеңес Маңғыстау облысында оқу-жаттығу барысында қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Мемлекет басшысы армиядағы жағдайға принципті баға беріп, Қорғаныс министрлігінің алдына бірқатар кезек күттірмейтін міндет қойды:
Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру. Бөлінетін барлық қаражат елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға барынша нәтиже беруі тиіс; қаражатты мақсатсыз жұмсауға және жымқыруға жол берілмейді.
Қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы Күштерді реформалау. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскери реформа жоспарын ұсыну тапсырылды.
Кадрларды бағалау мен іріктеудің ашық критерийлерін енгізу. Командалық лауазымдарға тағайындау тәжірибе мен кәсіби құзыреттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс.
Әскери қызметшілер арасында Конституция құндылықтарына, әскери іс тарихына және мәдени дәстүрлерге негізделген идеологиялық және тәрбие жұмысын күшейту.
Мүмкін болған жағдайда адам еңбегін технологиялармен алмастыра отырып, армияны цифрлық трансформацияға көшіру.
28 қыркүйекте Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен өткен алғашқы жұмыс кеңесінің қорытындысы бойынша жаңа Қорғаныс министрі қойылған міндеттерді іске асыру жөніндегі практикалық қадамдарды белгілеп, әрбір әскери қызметшінің қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ету сөзсіз басымдық болып қала беретінін растады. Қарулы Күштерді одан әрі дамыту және реформалау жөніндегі негізгі міндеттер айқындалып, Президенттің тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан ведомство қызметін кешенді тексерудің барысы қаралды. Босатылатын ресурстар әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс екені ерекше атап өтілді.
Біз қорғаныс ведомствосы құрылымының бір бөлігі ретінде Мемлекет басшысы қойған міндеттерді қолдаймыз және оларды дәйекті әрі жауапкершілікпен іске асыруға бағытталғанбыз. Президенттің тапсырмалары мен Министрлік басшылығы белгілеген жаңа бағдарларды алдағы жұмысымыздың негізі ретінде қабылдаймыз және осы кезеңдегі жауапкершілікті толық сезінеміз.
Әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.