Қаз Рус Eng
Байланыс
  • 8 (7172) 64-34-62
  • info@cvsi.kz


2026 жылғы 24 маусымда «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ-да коммодор Мұхаммад Имран Афзал басқарған Пәкістан Ислам Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті тыңдаушыларының делегациясымен кездесу өтті.

Іс-шара барысында қонақтарға Орталықтың негізгі қызмет бағыттары, ғылыми-зерттеу әлеуеті, сондай-ақ әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету, стратегиялық талдау және қорғаныс технологияларын дамыту салаларында іске асырылып жатқан жобалар таныстырылды.

Кездесу барысында әскери-ғылыми ынтымақтастықты дамыту, стратегиялық зерттеулер саласында тәжірибе алмасу, кадрлар даярлау және қарулы күштердің мүддесі үшін заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар өңірлік және халықаралық қауіпсіздік саласындағы заманауи сын-қатерлер мен үрдістерді талқылап, екі мемлекеттің ғылыми-зерттеу және білім беру ұйымдары арасындағы сындарлы диалогты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Пәкістан делегациясының өкілдері Орталықтың ғылыми әзірлемелерімен, оның ішінде жасанды интеллект, қару-жарақ пен әскери техниканы техникалық қызмет көрсету және жөндеу процестерін цифрландыру саласындағы жобалармен, сондай-ақ қолданбалы зерттеулердің перспективалы бағыттарымен танысты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылыми және сараптамалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, академиялық алмасуларды дамытуға, бірлескен ғылыми-зерттеу бастамаларын іске асыруға және серіктестік байланыстарды нығайтуға өзара мүдделілік білдірді.