Қаз Рус Eng
Байланыс
  • 8 (7172) 64-34-62
  • info@cvsi.kz

27 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті — Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді. Іс-шара Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығулар барысында қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Мемлекет басшысы армиядағы жағдайға принципті баға беріп, қорғаныс ведомствосының алдына бірқатар кезек күттірмейтін міндеттер қойды. Олардың қатарында бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін түбегейлі арттыру және жүйелі әскери реформа жүргізу бар. Кеңес қорытындысы бойынша генерал-майор Айдос Мырзахметов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

28 қыркүйекте жаңа Қорғаныс министрі Министрліктің басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді. Қарулы Күштерді одан әрі дамыту және реформалау жөніндегі негізгі міндеттер айқындалып, Президенттің тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан ведомство қызметін кешенді тексерудің барысы қаралды. Босаған ресурстар әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы, ал әрбір әскери қызметшінің қауіпсіздігі мен қорғалуы сөзсіз басымдық болып қалуы тиіс екені ерекше атап өтілді.

Біз қорғаныс ведомствосы құрылымының бір бөлігі ретінде қойылған міндеттерді қолдаймыз және оларды дәйекті әрі жауапкершілікпен іске асыруға бағытталғанбыз. Президенттің тапсырмалары мен Министрлік басшылығы айқындаған жаңа бағдарларды алдағы жұмысымыздың негізі ретінде қабылдаймыз және осы сәттегі жауапкершілікті толық сезінеміз.

Әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.